Оқу жылы енді 31 мамырда аяқталады: Оқушылар жазда неше күн демалады?
Қазақстан жазғы демалыс уақыты ең ұзақ елдер қатарына жатады. Каникул ұзақтығы – 130 күн.Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасы Гүлмира Кәрімова мектептерде оқу жылының екі аптаға созылуы туралы түсініктеме берді. Оның айтуынша, 2022-2023 оқу жылынан бастап оқуды әдеттегідей 25 мамырда емес, 31 мамырда аяқтау көзделіп отыр. Сәйкесінше, оқушылар 1 маусымнан бастап 1 қыркүйекке дейін жазғы демалысқа шыға алады.
"Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде апталық оқу жүктемесін азайту жоспарланып отыр. Одан бөлек, оқу жылының ұзақтығын созу оқушыларға қосымша білімге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді, өйткені, сабақ аз болады, мектептердің кабинет қорына түсетін жүктеме де азаяды", – деп түсіндірді Гүлмира Кәрімова.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда мектептегі оқу жылы екі аптаға ұзарады
Министрік өкілінің айтуынша, жазғы каникул Германия, Англия және Жапонияда 7 аптаға, Польша, Қытай және Оңтүстік Кореяда 7-9 аптаға, Финляндия, Венгрия, Швецияда 9-11 аптаға, Латвия, Италия және Португалияда 11 аптаға, ал Қазақстанда 14 аптаға созылады.
Бұл орайда оқу оқу жылын ұзарту бойынша көптеген ұсыныстар түскен. Оның қатарында оқу жылын маусым айының соңына дейін ұзарту және оқу жылын 20 тамыздан бастау бастамасы да айтылған. Алайда ғалымдар, психологтар, ата-аналар мен педагогтерден құралған жұмыс тобы бұл ұсынысты қолдамай, одан бас тартқан.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық оқушылар үшін оқу жылын екі аптаға ұзарту көздейтін бұйрық жобасы "Ашық НҚА" сайтында талқылау үшін жарияланған болатын. Кейін бұл жоба сайттан алынып тасталған.