"Ел астанасынан ешқайда кетпедім". Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жасады
Тұңғыш президент элиталар арасында ешқандай қақтығыс болмағанын мәлімдеді.Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеуін жариялады.
Құрметті отандастар!
Ардақты ағайын!
2022 жыл халқымыз үшін күрделі де қатерлі сынақтан басталды.
Баршаңызға мәлім, ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасады.
Соның салдарынан бейбіт тұрғындарымыз зардап шекті.
Қасіретті оқиға кезінде қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.
Лаңкестер елдігіміз бен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілген жоқ.
Мемлекет басшысын қолдау – баршамыздың азаматтық борышымыз.
Ендігі кезекте осы оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеуге тиіспіз.
Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде атқарған істеріміз аз емес.
Қазақстан әлемге танылған еңселі елге айналды.
Ұлан-ғайыр шекарамыз түбегейлі бекітілді.
Елімізде іргелі реформалар жүзеге асып, Орталық Азияда көш бастадық.
Еуразия жүрегінде, Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтерді.
Бірлік барда ешбір жау сағымызды сындыра алмас.
Өзіме қатысты көптеген сауалға және бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға қатысты жауап беремін – мен 2019 жылы президент өкілеттігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа бергенімді және сол уақыттан бері зейнеткер екенімді, қазіргі уақытта Қазақстанның астанасында құрметті демалыста екенімді және ешқайда кетпегенімді хабарлаймын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев толық билікке ие. Ол қауіпсіздік кеңесінің төрағасы. Жақын арада президент Nur Otan партиясының төрағасы болып сайланады. Сондықтан элитада жанжал немесе қақтығыс жоқ. Бұл тақырыптағы қауесеттер мүлдем негізсіз.