Нұрлан Нығматулин Nur Otan партиясының саяси кеңесінен шықты
Премьер-министр Әлихан Смайылов саяси кеңеске қосылды.Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII съезі барысында партияның саяси кеңесі құрамы өзгерді. Партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов партия жарғысына сәйкес, саяси кеңестің құрамына өзгерістер енгізу тек қана партия съезінің құзіретінде деп атап өтті.
"Сіздердің қарауларыңызға партия саяси кеңесінің құрамынан партия мүшелері Оспанбек Әлсейітов пен Нұрлан Нығматулинді шығару және олардың орнынан партияның келесі мүшелерін енгізу ұсынылады: ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов, президенті әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу, "Астана" медицина университетінің ректоры Қамалжан Надыров, Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының вице-президенті Максим Рожин", – деді Асхат Оралов.
Бұл ұсынысты съезд делегаттары бірауыздан қолдады.