Нұрлан Мәсімов 10 жылға сотталды
Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімов 10 жылға сотталды.Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 тамызда Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен Нұрлан Мәсімов пен оның орынбасары Дамир Сиразидимовке қатысты істі қарады. Оларға пара алды, пара беруге делдалдық жасады және бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін жымқырды деген айып тағылды.
Бұдан өзге Нұрлан Мәсімовке мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өтті деген айып тағылды.
"Сотталушылар Нұрлан Мәсімов пен Дамир Сиразидимов қылмыстық кодекстің 366, 368, 189-баптары бойынша кінәларын мойындамады және ақтауды сұрады. Евгений Евкович өз кінәсін толық мойындады. Алқабилердің қатысуымен сот кесімі бойынша сотталушылар өздеріне тағылған қылмыстық әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Нұрлан Мәсімовке қылмыстардың жиынтығы бойынша мүлкін тәркілеумен, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Дамир Сиразидимов қылмыстардың жиынтығы бойынша мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды. Евгений Евкович мүлкін тәркілеумен, 7 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметін атқару құқығынан айыра отырып 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды", – деп жазылған Павлодар облыстық сотының баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ Нұрлан Мәсімовті мемлекеттік наградасынан және генерал-майор атағынан, ал Дамир Сиразидимовты полковник арнайы атағынан айыру туралы ұсыныс жасады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Оқи отырыңыз: Гүлмира Сатыбалды сегіз жылға сотталды.