Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Нұрлан Байбазаров Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

"Мемлекет басшысының жарлығымен Байбазаров Нұрлан Серікұлы Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды. Ол бұрын атқарған қызметінен босатылды", – делінген ресми ақпаратта.

Нұрлан Байбазаров 1975 жылы дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын "Банк ісін ұйымдастыру" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1997 жылы бастап, Қаржы министрлігінің бюджеттік департаментінде және мемлекеттік қарыз алу департаментінде түрлі қызметтер атқарған.

2004-2011 жылдары "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ-да бірқатар лауазымдарды, соның ішінде инвестициялық жобалар бойынша басқарушы директор, корпоративтік даму департаментінің директоры және корпоративтік хатшы қызметтерін атқарды.

2013-2016 жылдары Ұлттық экономика министрлігінің экономиканың салаларын дамыту департаментін басқарды. Әр жылдары "Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ, "ҚазМұнайГаз Консалтинг" АҚ және "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ құрылымдарында жұмыс істеді.

2016 жылдан 2022 жылдың қарашасына дейін "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі болды. 2022 жылғы қарашадан 2023 жылғы қазанға дейін "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

Сондай-ақ "Бәйтерек" холдингін басқарды. 2024 жылдың ақпанынан желтоқсанына дейін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі болды.

2025 жылдың ақпан-қазан айлары аралығында Премьер-министрдің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды. Ал 2025 жылғы 15 қазанда Президент Әкімшілігінің Инвестициялар және сауда бөліміне жетекшілік етуге тағайындалған болатын.