Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай Бішкекте концерт өтеді
21 тамызда Бішкек қаласындағы Қырғыз ұлттық опера және балет театрында Қазақстанның халық артисі, аса көрнекті композитор және дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған "Әлқисса" атты салтанатты шығармашылық кеш өтеді.
Мәдени шараны Алматы облысының әкімдігі ұйымдастырып отыр. Кеш барысында өңірдің ең үздік шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары өнер көрсетеді. Олардың қатарында фольклорлық-этнографиялық "Сазген" және "Күлансаз" ансамбльдері, "Алтынай" мемлекеттік халық би ансамблі, Қазақстанның халық артисі Секен Тұрысбек, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Зарина Алтынбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Нұркен Әшіров, сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаттары – Ұлжан Ағлақова, Төлеген Рахымбаев, Муса Сапаралы, Ардақ Өмірқұлова, Салтанат Құдайберген, Фархат Құбиев және Әділ Ахметжанов бар.
Кешке композитордың қызы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұрғиса Тілендиев атындағы "Отырар сазы" мемлекеттік фольклорлық-этнографиялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі Динара Тілендиева да қатысады.
Сонымен қатар, Қырғызстанның өнерпаздары да сахнаға шығып, қос ел арасындағы достық пен мәдени байланыс аясында Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын орындайды.
Айта кетейік, ұлы тұлғаның мерейтойы биыл халықаралық деңгейде аталып өтуде. Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның мерейтойлық күндер тізіміне енгізіліп, түрлі халықаралық жобалар аясында өтуде. Осыған дейін, мамыр айында Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Бейжің қаласында композиторға арналған шығармашылық кеш өткен болатын.