Кеден төлемдерінен жалтарып, мемлекетке 165 млрд теңге көлемінде залал келтіру фактісі анықталды, деп хабарлады бас прокуратура баспасөз қызметі. 

"Қытаймен шекаралас кеден бекеттерінде тауарларды жалған декларациялаудың 367 фактісі әшкереленді. Уәкілетті экономикалық операторлар кәсіпкерлер салықтан жалтаруы үшін екі жыл ішінде 221 млрд теңгеге жалған счет-фактура жасаған. Бір ай ішінде жалпы құны 800 млн теңгені құрайтын 16 контрабанда фактісі анықталды. Мысалы, Group of the companies TDA компаниясы 287 млн теңгенің тауарын шекарадан заңсыз өткізген. Компания директоры қамауға алынды", – делінген хабарламада. 

Мұнымен қатар, 27 қаңтар күні "Нұр жолы" кеден бекетінің маманы Мошканов "Берекет Логистик" компаниясына тиесілі декларацияланбаған тауардың салмағын заңсыз азайтып, оны 337 кг деп көрсеткен. Алайда прокурорлар жүкті қайта тексергенде декларацияланбаған тауар салмағы 22 тонна екені анықталды. Ал тауар құны – 127 млн теңге. 


Оқи отырыңыз: Ербол Назарбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарынан шығарылды 


"9 импорттаушының ақпарат жүйесінде мәліметті заңсыз өзгертіп, бюджетке 143 млн теңге шығын келтіргені белгілі болды. Бұған Алматы мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің қатысы бар екені анықталды. Cargo Management операторының өкілі прокурорға 30 мың АҚШ доллары, ал "Нұр жолы" кеден бекетінің басшысы мен оның орынбасары прокурорға 50 мың АҚШ доллары көлемінде пара берген", – деді ведомство мамандары. 

Аталған факті бойынша прокуратура қызметкерлері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірлесіп, пара берушілердің әрекетін әшкереледі. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. 

Кедендік реттеу саласындағы проблемаларды жою үшін үкіметке прокурорлық қадағалау актісі енгізілгені белгілі болды. 


Оқи отырыңыз: Қос қызметкері жемқорлық бабымен істі болған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары неге жұмыстан кетпеді?