Нұр-Сұлтанда инфекциялық стационарлар 72 пайызға толды. Локдаун жариялана ма?
Бір аптада науқастар саны 40 пайызға артқан бас қалада эпиджағдай тұрақталмай тұр.Коронавирустың өршуіне байланысты Нұр-Сұлтан ауруханалары жоспарлы госпитализацияны тоқтатып, коронавирус жұқтырғандарды ғана емдеуге мәжбүр. Елордада дерт бір апта ішінде 10 мың адамнан анықталды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың болжамы бойынша, Нұр-Сұлтанда қазірдің өзінде инфекциялық стационарлар 72 пайызға толып қалған, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бір аптада науқастар саны 40 пайызға артқан Нұр-Сұлтанда эпиджағдай тұрақталмай тұр. Соның салдарынан жоспарлы операциясын күтіп отырған науқастар уақытылы ауруханаға жата алмай, отасын әлі біраз күтуге мәжбүр. Өйткені, коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін арнайы ашылған 16 стационар толудың шақ алдында тұр. Қазіргі таңда бір ғана елорданың өзінде 230 адам жансақтау бөлімінде жатыр, ал оның 47-сі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
"Елордада Covid-19 індеті бойынша эпидемиологиялық жағдай өте күрделі. Бір апта ішінде уүн сайын коронавирустық инфекцияның 1 200-ден 1 500-ге дейін жағдайы тіркеледі. Мұндай күрт өсімнің басты себебі – коронавирустың жаңа "Дельта" штамының таралуы", – дейді Нұр-Сұлтанның бас мемлекеттік санитар дәрігерінің орынбасары Жанна Пралиева.
Денсаулық сақтау басқармасының мамандары аурудың дендеуі карантиндік шаралардың толық сақталмауынан деп отыр. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда ауру адам көп шоғырланған жерде жұғады.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой инфекциялық орындар 70 пайызға толса, өңірде локдаун жариялануы мүмкін деген болатын. Алайда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қаланы жабу туралы хабар таратпады. Дегенмен өңірлердегі жағдай одан сайын ушыға берсе, қаланың бас санитар дәрігері жаңа шешім қабылдауы мүмкін.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: