Нормативтік құжат жобаларын қазақ тілінде әзірлеу заңмен міндеттеледі
Құжаттар қазақша әзірленіп, орыс тіліне аударылады.Қазақстанда нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қазақ тілінде әзірлеу міндетін кезең-кезеңімен заңнамалық бекіту 2024 жылғы наурызға жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтың мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабынан белгілі болды.
Сондай-ақ, 2023 жылдың екінші тоқсанында қазақ және орыс тілдеріндегі НҚА мәтіндерінің мағыналық сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында нормативтік құқықтық базаға толығымен терең тексеру жүргізу жоспарланған.
Аталған шаралар қазақ және орыс тілдеріндегі НҚА мәтіндерінің мағыналық сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында нормативтік құқықтық базаға толығымен терең тексеру жүргізу жоспарында баяндалған.
Оқи отырыңыз: ЖОО бағдарламасына "Кәсіби қазақ тілі" пәнін енгізу жоспарланып отыр
Еске салайық, Парламент мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ 32 жылда тек "Тілдер туралы" және "Көші-қон туралы" заңдар ғана қазақ тілінде әзірленгенін айтып, Алтай Көлгіновтың атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Оның айтуынша, бұл уақыт аралығында Қазақстанда барлығы 3,5 мыңнан астам заң қабылданған. Бәрі орыс тілінде.
Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп міндетті түрде лингвистикалық сараптама жасай отырып нормаларды "артық регламенттеуді болдырмау" тұрғысынан заңдарға ревизия жүргізіп жатқанын хабарлады.
"Бұл ретте "артық регламенттеуді болдырмау" мәніне ревизия жүргізу көзделмеген НҚА (жекелеген заңдар мен заңға тәуелді актілер) олардың жобалары мемлекеттік органдардың норма шығару қызметі барысында лингвистикалық сараптамаға түскен кезде қаралады. Аталған шара мемлекеттік тілдегі НҚА мәтіндері мазмұнының сапасын арттыруға ықпал етеді", – делінген Алтай Көлгіновтың жауабында.