Барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталды. Осыған орай "Нұрлан имам" атымен танымал Нұрлан Байжігітұлы ел арасында жиі талқыланатын мәселелерге пікір айтты, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы

"Ауызашардамын" деп жариялау – рия ма?

Имамның айтуынша, ораза – құлшылық. Сондықтан мешітке барғанын немесе ауыз бекіткенін орынсыз жариялаудың қажеті жоқ. Алайда бәрі ниетке байланысты.

"Егер адам әлеуметтік желіге ауызашарда отырғанын шынайы ниетпен жарияласа, мақтану, біреуден артық көріну ниеті болмаса, оның сауабы кемімейді. Оразасы бұзылмайды. Жақсылықта жарысу, үлгі болу ниеті болса, жариялаудың айыбы жоқ. Негізгі мәселе – ниет", – дейді Нұрлан Байжігітұлы.

Кей исламтанушылар мұндай әрекетті "рия" деп бағалайды. Имам бұл тұста ниеттің тазалығы басты өлшем екенін атап өтті.

Оразаны денсаулық немесе арықтау үшін ұстауға бола ма?

Нұрлан имам Мұхаммед пайғамбар хадисінде "Ораза ұстасаңыздар, ем табасыздар" деген сөз бар екенін еске салды. Оның айтуынша, адам оразаны денсаулыққа пайдалы деп ұстауы мүмкін. Алайда құлшылық ниеті болмаса, тек диета немесе арықтау мақсатында болса, онда құлшылық сауабы берілмейді.

"Адамның ниеті – Алла разылығы үшін болса, онда дұрыс. Ал тек қана материалдық немесе сыртқы мақсат көзделсе, ғибадат сауабы болмайды", – деді ол.

Ораза ұстаған кез келген адам нені түйгені дұрыс? 

Имамның айтуынша, әр адам Рамазан айында рухани өзгеріс сезінуге тиіс.

"Яғни, өткен жылғы оразадан биыл не қостыңыз, отанымызға, елімізге, жерімізге қандай жақсылық жасадыңыз, тек қана шынайы жүрегіңізден туындады ма, әлде біреуге еліктедіңіз бе? Мүмкін 10 адамға жақсылық жасап, қайырымдылық, садақа беріп жатқандарға айтарым бар. 10 адамға садақа бергенше, 1 адамға қиянат жасамаңыздар", – деді Нұрлан Байжігітұлы.