Қазақстанда "Стоп кредит" қызметін пайдаланушылар саны 5 миллион 100 мыңнан асып жығылды. Бұл – азаматтардың қаржылық қауіпсіздікке деген жауапкершілігі артқанын көрсетеді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Мамандардың айтуынша, несие рәсімдеуге өз еркімен тыйым салу алаяқтық әрекеттердің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Дегенмен, сарапшылар босаңсуға болмайтынын ескертеді. Себебі кейбір азаматтар бұл қызметті қалай дұрыс қосуды білмейді, ал мұны алаяқтар өз пайдасына қолданып жатыр.

Алаяқтардың әрекет ету тәсілі де өзгерген. Олар өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға "атыңызға несие рәсімделіп жатыр" деп хабарласады. Кейін "өтінішті растау" немесе "жою" сынды сылтаумен сенімге кіруге тырысады.

Одан кейін "мәселе болмас үшін" "Стоп кредит" қызметін қосып беруді ұсынады. Егер азамат келіссе, алаяқтар оның жеке деректерін иемденуі мүмкін.

Сарапшылар мұндай жағдайларда сақ болуға шақырады. "Стоп кредит" қызметін тек ресми платформалар арқылы ғана қосу қажет. Атап айтқанда, eGov порталы және eGov mobile арқылы ғана іске қосқан дұрыс.

Мамандар белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға сенбеуге, жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға бермеуге және кез келген қаржылық операцияны тек ресми арналар арқылы жүргізуге кеңес береді.