Несие алудан ерікті түрде бас тартқан адамның борышы кешірілуі мүмкін
Қазір Мәжіліс қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты заң жобасына бірқатар түзетулер енгізілмек.Бұдан былай төленбеген кредиті бар қазақстандықтарға тұтынушылық несие беруге тыйым салынуы ықтимал. Әрі, өтелмегеніне 90 күннен асқан кез келген кредит бойынша сыйақы есептелмейді, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Мәжіліс қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобасын қарауға кіріскелі отыр. Сол арқылы тиісті заңға бірқатар өзгертулер енгізілмек. Мысалы, бұдан былай мерзімі өткен берешегі бар адамға тұтынушылық кредит беруге тыйым салынуы мүмкін. Сондай-ақ, төлемі 90 күнге кешіктірілген кредит бойынша сыйақы жүрмейді. Бастысы, несие алудан ерікті түрде бас тарқан адамның борышы есептен шығарылуы ықтимал.
Әзірге бұл тәртіптің нақты қалай іске асырылатыны белгісіз. Әрі, қаржы ұйымдарына проблемалық қарызды коллекторлық агенттіктерге сатуға шектеу қойылады. Ал, коллекторлық агенттіктер сатып алған берешекті реттеуге міндеттеледі.
"Қаржы нарығын реттеу агенттігі тұтынушылық қарыздың мерзімі, сомасы және өзге де шарттары бойынша шектеулерді белгілеуі қажет. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салынғалы отыр. Бұдан бөлек, қаржы ұйымдары өз пайдасына өндірген үйді тұрғын жайдың бұрынғы иесіне жалға беруге мүмкіндік алады. Ал, банктер төлем талабын қойған кезде борышкердің шотында қалатын сомаға назар аударуға тиіс. Яғни, оның шотында кемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде ақша сақталуы керек. Бұл сома келесі жылы 86 814 теңгені құрамақ", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Татьяна Савельева.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда банктерге тойға несие беруге тыйым салына ма?
Заңға Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың несиесін кейінге шегеру мәселесі кіріктіріліп отыр.
"5 мыңнан аса сарбазының 1 миллиард 875 миллион теңгеге жуық несиесі кейінге шегерілді. Сондай-ақ, банктер мен микроқаржы кредиттік ұйымдарда тағы да 5 мыңға жуық сарбаздың 1,6 миллиард теңгеге жуық несиесін кейінге шегеру мәселесі қаралып жатыр. Сондай-ақ, қорғаныс министрлігі, әскери жиындарға шақырылатын азаматтарға да осындай жеңілдіктер беруді ұсынып отыр. Демек, несиені кейінге қалдыру әскери жиындағы бүкіл кезеңге беріледі деп жоспарланған. Ал, кредиттік демалыстарды автоматты түрде беру жөніндегі пилоттық жоба келесі жылы іске қосылмақ", – деді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Руслан Жангулин.