Қазақстан сауда-экономикалық серіктес ретінде тәліптермен қарым-қатынас орнатуы керек, бұл туралы Сенат кулуарында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко айтты.

Ол Ауғанстанның Қазақстан үшін аймақтық көрші екенін атап өтті. Бұл елмен Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Ресей және Пәкістан да ынтымақтасады.

"Біздің қарым-қатынастарымыз, біріншіден, Ауғанстан азаматтарына гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған. Ол жақта 40 миллион адам бар. Олар азық-түлікпен қамтамасыз етуде үлкен проблемаларға тап болып отыр. Біздің жұмысымыздың екінші екпіні - сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту. Жасыратыны жоқ, Ауғанстан дүние жүзі бойынша қазақстандық бидайының ең ірі сатып алушысы. Қазақстан астық жеткізу бойынша әлемде алтыншы орында. Бұл көп жағдайда Ауғанстанның бидайымызды сатып алушы болуымен байланысты. Сауда айналымы 2023 жылы 1 миллиард долларды құрады", – деді Роман Василенко.

Сондай-ақ, ол бұл елдің тарихы қиын болғанымен, болашағы зор екенін айтты.


Оқи отырыңыз: Ауғанстан халқының 85 пайызы – кедейлер


Отырыста журналистер вице-министрден Қазақстан үшін бұл ынтымақтастық қаншалықты қауіпсіз және қандай тәуекелдер бар екенін сұрады.

"Біріншіден, сауда-экономикалық ынтымақтастыққа баса назар аударылуда.Екіншіден, бүкіл әлем дерлік осы елмен және Ауғанстанда жұмыс істейтін осы басшылықпен қазір қарым-қатынас орнатуда. Әрине, Талибан қозғалысының өз міндеттерін орындауына қатысты мәселе бар. Әйелдердің үкіметтегі өкілдігіне қатысты, әйелдердің құқықтарын қорғауға қатысты өз уәделері. Бірақ Талибан қозғалысы өкілі болып саналатын қазіргі әкімшіліктің болуы объективті түрде мойындалған факт. Ауғанстан Орталық Азияның аймақтық көршісі және мұндай өзара іс-қимыл қазіргі уақытта біздің мүддемізге сәйкес келеді", – деп жауап берді Роман Василенко.