Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталды
ҚР Ішкі істер министрлігі “қоғамдық тәртіп бұзып, ұсталғандар” туралы ақпарат берді."Еліміздің бірқатар аймақтарында заңсыз акциялар өтті. Жергілікті атқарушы органдар мен прокуратураның ескертулеріне қарамастан азаматтар арандатушылық шақыруларға еріп, тұрақтылыққа және халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заңсыз әрекеттер жасай бастады. Сонымен қатар, азаматтардың жекелеген топтары жолдарды жауып, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін бұзып, көлік қозғалысына тосқауыл қойды. Сонымен қатар, құқық қорғау және құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да органдардың қызметкерлеріне шабуыл жасалды", - деп жазылған ҚР ІІМ таратқан хабарламада.
Хабарламаға сүйенсек, Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында әкімдіктерге шабуыл жасап, әйнектері мен есіктерін сындырып, басқа да материалдық залал келтіргендер болған. Алаңға шыққандардың арасында тас, таяқ, газ, бұрыш баллондарын және жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді пайдалану жағдайлары орын алған.
"Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу және тәртіп бұзушыларды ұстау бойынша заңда көзделген шараларды қабылдады", деп жазылған хабарламада.
"Ішкі істер органдары халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдауда", деп жазылған хабарламада.