Намибия билігі 83 піл мен 300 зебраны атып, етін тұрғындарға таратпақ
Орталық Африкадағы Намибия елінде соңғы жүз жылдықта болмаған құрғақшылықпен күрес жүріп жатыр, деп хабарлады CNN.
Басылымның жазуынша, ел тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жалпы саны 700-ден астам жабайы жануарды өлтіріп, олардың етін намибиялықтарға үлестіру туралы шешім қабылданған. Намибияның ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген тізімге 83 піл, 30 бегемот, 60 буйвол, 50 антилопа, 100 көк гну және 300 зебра енген. Жануарларды атуға тек кәсіби аңшыларға рұқсат етіледі және аң ату орындары да белгіленген. Яғни, жабайы жануарлар тек ұлттық парктер аумағында атылады. Қазіргі уақытта жануарларды ату жұмыстары басталып кеткен.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл шешім жабайы жануарлардың популяциясына айтарлықтай әсер етпейді. Өйткені, бұл жануарлар елде саны тұрақты жануарлар қатарынан тізімге енген.
Намибия билігі жабайы жануарларды ату азық-түлік мәселесін шешіп қана қоймай, жануарлар ішетін су мәселесін шешуге де септеседі. Қазіргі уақытта Намибияда жануарлар көп шоғырланған аймақтарға су ресурстарының да тапшылығы байқалады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаһандық жылыну процесі екі есе жылдам жүріп жатыр – климатолог