Қазақстанның бірқатар өңірінде 21 сәуірге дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы "Қазгидромет" хабарлады.

Синоптиктердің болжамынша, ел аумағында жаңбыр, найзағай, тұман және екпінді жел күтіледі.

Жамбыл облысында таңертең және күндіз жауын-шашын мен найзағай болжанады. Таулы аймақтарда тұман түсіп, желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін жетіп, кей жерлерде 25 м/с-қа дейін күшейеді. Тараз қаласында желдің екпіні 15–23 м/с болады. Сонымен қатар облыстың батысында өрт қаупі жоғары.

Жетісу облысында күндіз Алакөл маңында жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Ақтөбе облысының оңтүстігі мен шығысында жаңбыр мен найзағай күтіледі.

Алматы облысының шығыс, орталық және таулы бөліктерінде желдің екпіні 15–20 м/с болады. Қонаев қаласы мен Алматының таулы аймақтарында да осындай ауа райы сақталады.

Маңғыстау облысында күндіз жаңбыр мен найзағай күтіліп, түнде желдің жылдамдығы 15–18 м/с-қа дейін артады. Ақтау қаласында да жауын-шашын болады.

Батыс Қазақстан облысында тұман түсіп, күндіз жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Орал қаласында да осыған ұқсас жағдай болжанады.

Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр мен найзағай күтіліп, кей жерлерде тұман болады. Петропавл қаласында да жауын-шашын болжанады.

Түркістан облысында жаңбыр, найзағай және бұршақ болуы мүмкін. Кей жерлерде өрт қаупі өте жоғары деңгейде сақталады. Шымкент пен Түркістан қалаларында жел күшейеді.

Қызылорда облысында түнде жауын-шашын болжанса, Қостанай облысында күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі.

Синоптиктер тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын күшейтуді ескертеді.