Мұқағали Мақатаев туралы фильм кинотеатрларда 21 қазаннан бастап көрсетіледі
Фильмнің көрсетілімі коронавирустық пандемияға байланысты кейінге шегерілген болатын.21 қазаннан бастап "Қазақфильм" түсірген "Мұқағали" көркем фильмі отандық кинотеатрлардың бәрінде көрсетіледі. Картина ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жайында сыр шертеді, деп хабарлады kazakhfilmstudios.kz.
Фильмнің режиссері – танымал қазақстандық режиссер Болат Қалымбетов. Картинаны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ түсірді.
"Бұл фильм ақын жайлы ғана емес, адам жайлы, адамның тағдыры жайында", – дейді фильмнің режиссері Қалымбетов.
Түсірілім жұмыстары Өскемен қаласында басталып, одан кейін түсірілім тобы Санкт-Петербург, Алматы және Алматы облыстарына жол тартты. Режиссердің айтуынша, картина Мақатаевтың өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды.
"Біз фильмде Мұқағали Мақатаевтың есейген кезімен, Қазақ КСР жазушылар одағының ақынның тағдырын отырыста шешкен уақытымен танысамыз", – деп қосты Болат Қалымбетов.
Туынды сценарийінің авторлары – Жүсіпбек Қорғасбек, Болат Қалымбетов, Ғазиз Насыров. Қоюшы операторы – Едіге Несіпбеков, ал қоюшы суретші – Ермек Өтегенов. Композиторы – Никита Карев, продюсері – Алмат Масалим.