Мүлік нарығы тұрақтанды. Енді баспана арзандай ма?
Сәуірде наурыз айымен салыстырғанда сатып алу-сату келісімшарттары бірден 20 пайызға төмендеген.Қазақстандық сарапшылар мүлік нарығындағы дүрлігудің басылуына байланысты баспана бағасына қатысты болжамдарын 31 арнаның Информбюро бағдарламасы әзірлеген сюжетте айтты.
Сарапшылардың пікірінше, баспана әзір арзандамайды. Өйткені, құны қымбат кезде сатып алған баспанасын ешкім төмен бағаға сатпайды. Ал нарық жүктемесін арттырған негізгі фактор – зейнетақы қорындағы ақшаның мерзімінен бұрын пайдалануға болатын бөлігінің "жеткілікті шегінің" өсуінде болып отыр.
Сәуірде наурыз айымен салыстырғанда сатып алу-сату келісімшарттары бірден 20 пайызға төмендеді. Дегенмен, мүлік нарығының сарапшысы Айбар Олжайдың пікірінше, бұл жағдай да пәтер құнына әсер етпейді. Ол баға өзгерсе тек теңгенің не әлсіреп, не нығаюына ғана байланысты құбылады деп отыр.
"Адамдардың ертеңгі күнге деген сенімсіздігі де тұрғын үй бағасы көтерілуіне әсер етеді. Сонымен бірге қазір Қазақстанның ірі қалаларына басқа елдерден келіп жатқан адамдар саны өте көп. Олар тарапынан да үйді сатып алуға немесе жалға алуға сұраныс артқанда дефицит пайда болады. Дефицит бірден бағаның көтерілуіне алып келеді", – деді Айбар Олжай.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі
Сондай-ақ, сарапшы алдағы уақытта нарықта дүрлігу де, тиісінше, жаппай пәтер сатып алушылар да болмайтынын айтады. Себебі, қазір халықтың баспананы қолма-қол ақшаға алатын мүмкіндігі жоқ екен. Ал түрлі платформалардағы пәтердің тым қымбат болуы сатушылардың нарықты тексеру үшін жасайтын әдісі.
Құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев те баспана арзандамайтынын айтады. Себебі, күн сайын құрылыс материалдары қымбаттап жатыр. Ал бағаны тұрақтандырудың жалғыз жолы – импортқа тәуелділікті жою.
"Экономикамызға біз жаңағы қаржы құйсақ, елімізде құрылыс заттарын шығарсақ, өндірісшілерге, құрылыс заттарын шығаратындарға сондай көмек берсек, әрине, баға тұрақтанады. Бірақ, төмен түседі деп айту оны қиын", – деді Қазақстан құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев.
Талғат Ерғалиев қазіргі геосаяси ахуалға байланысты Қазақстанда құрылыс материалдарының тапшылығы қатты сезіліп жатқанын айтады. Өйткені, тауар тиелген транспорттар Ресей, Белорусь, Түркия елдерінде тұрып қалған. Бұл да бағаға тікелей әсер етеді.