Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайтын Ұлттық тестілеу орталығы педагогтердің білімін бағалау сынағы барысында эссе жазу тәртібін түсіндірді.

ҰТО хабарлауынша, Эссені қазіргі уақытта білім беру ұйымдарында жұмыс істеп жүрген педагогтер ғана жазады. Эссе тестілеуден соң басталады және тест тапсырған компьютерде жазылады.

Сынаққа қатысушы тесті қай тілде тапсырса, эссені де сол тілде жазуы тиіс. Эссе жазуға 60 минут уақыт беріледі. Қажетті сөз саны – 250-300.


Оқи отырыңыз: 

Қазақстанда мұғалімдердің білімін бағалауға өтініш қабылдау басталды

Мұғалімдер білім бағалау тестін қалай тапсырады? Маңызды 10 сұраққа жауап


Эссе жазудан келесі тест тапсырушылар босатылады:

  • жұмыс тәжірибесі жоқ қызметкер – жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының (бакалавриат не магистратура) түлегі;
  • жұмысы жоқ қызметкер – техникалық немесе кәсіптік білім беру ұйымының (колледж) түлегі;
  • педагогикалық қызметті қайта жалғастырғысы келетін (бұрын жұмыс істеп, кейін белгілі себептерге байланысты жұмыс істемеген, бірақ қайтадан жұмысқа тұрғысы келетін) адам;
  • білім беру ұйымының басшысы.

Ескерту: эссе бағаланбайды және педагогке біліктілік санатын бермеуге негіз бола алмайды. Сондай-ақ, эссе педагогтің Ұлттық тестілеу орталығы сайтындағы жеке кабинетіне жіберіледі.