3 сәуірде басталған мұғалімдердің білімін бағалау 22 сәуірде аяқталады. Осы орайда Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова Facebook-та мұғалімдерді аттестау ережелеріне енгізілген соңғы өзгерістерді түсіндірді.

Бірінші өзгеріс. "Пәндік білім" блогы бойынша тест тапсырмаларының саны 70-тен 30 тест тапсырмасына дейін, "Оқыту әдістемесі" блогы бойынша 30-дан 20 тест тапсырмасына дейін қысқартылды. Бірнеше дұрыс жауаптарды таңдайтын тест тапсырмалары алынып тасталды.

Екінші өзгеріс. Педагогтердің білімін бағалаудан өту үшін шекті балл төмендетілді:

  • педагог-сарапшы үшін – 15-тен 12 балға дейін;
  • педагог-зерттеуші үшін – 18-ден 16 балға дейін;
  • педагог-шебер үшін 21-ден 18 балға дейін.

Үшінші өзгеріс. Отыз жылдан астам педагогикалық өтілі бар және жаңа аттестаттау жүйесі бойынша санаты бар педагогтер біліктілік санатын растаған жағдайда біліктілік тестілеуден босатылады. Олар аттестаттаудың екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Бұл ретте, егер олар өз біліктілік санатын жоғарлатқысы келсе, онда аттестаттауды жалпы негізде өтеді.


Оқи отырыңыз: Мұғалімдер білім бағалау тестін қалай тапсырады? Маңызды 10 сұраққа жауап


Төртінші өзгеріс. 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар, бірақ ескі аттестаттау жүйесі бойынша жоғары/бірінші санаты бар педагогтер, егер "педагог-модератор" санатына ауысса, біліктілік тестілеуден босатылады. Бұл жағдайда олар аттестаттаудың екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Егер олар жаңа аттестаттау жүйесі бойынша басқа санаттарды алғысы келсе, онда аттестаттау жалпы негізде өтеді.

Бесінші өзгеріс. Зейнеткерлікке шығуына 4 жыл қалған педагогтер жаңа жүйе бойынша бар санатын растайтын болса, аттестаттаудан босатылады. Егер олар біліктілік санатын жоғарлатқысы келсе, онда аттестаттаудан жалпы негізде өтеді.

Алтыншы өзгеріс. Арнайы бағдарлама бойынша жұмысқа қабылданған және "педагог-сарапшы", "педагог-зерттеуші" санаты бар педагогтерге аттестаттау рәсімінен өтпей-ақ бір саты жоғары санат тағайындалады. Арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейтін ЖОО түлектеріне "педагог-модератор" санаты бірден беріледі.

"Бұл енгізілген өзгерістердің барлығы мұғалімнің пайдасына арналған. Сонымен қатар, біз, бәріміз де мұғалімнің біліктілік санаты балалардың біліміне бірден бір әсер ететінін түсінеміз", – деді Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова.


Оқи отырыңыз: Мұғалімдердің білімін бағалау: Кімдерге эссе жазбауға рұқсат?


Оның сөзінше, тестілеуді Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті, Ұлттық тестілеу орталығы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша анықталған U-Study ұйымы өткізеді. Тестілеу 40 өңірлік тестілеу орталығында 3-22 сәуір аралығында өтіп жатыр.

"Тестілеуден өтуге тіркелген 80 мыңнан астам мұғалімнің 18 мыңнан астамы тестілеуден өтті. Кей күндері электр энергиясы сөніп, Ақтөбе, Қостанай, Талдықорган, Құлсары, Сарыағаш, Жамбыл облысы Төле би аулындағы пункттерде мұғалімдердің тестілеу уақыты немесе күні ауыстырылды. Әрине, педагогтер дер кезінде ақпараттандырылды. Жергілікті білім басқармалары тиісті қызметтермен бірлесіп, мұндай форс-мажорлық оқиғаларды барынша азайту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр", – деді Шолпан Каринова.

Сондай-ақ, ол Оқу-ағарту министрлігі жанында аттестаттау рәсімін әрі қарай жетілдіру бойынша жұмыс тобы өз жұмысын бастағанын айта кетті.