Педагогтерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының 2 түрі беріледі: негізгі және қосымша. "Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес, әр педагог 56 күндік негізгі еңбек демалысын алуға құқылы. Осы ретте Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің жыл сайынғы еңбек демалысы туралы ақпарат жариялады. 

Білім беру ұйымдары көп жағдайларда мектепалды сынып тәрбиешісі, музыка жетекшісі, аккомпаниатор, концертмейстер, көркемдік жетекші, хореограф, аудармашы-дактилолог (сурдоаудармашы), вожатый, жастар ісі жөніндегі инспекторы, өндірістік оқыту шебері сынды жеке лауазымдағы педагогтердің демалыс күндерін қысқартады. Алайда бұл педагогтер де стандартты, яғни  56 күндік демалыс алуы керек. Толық емес жұмыс күні бойынша жұмыс істейтін педагогтерге де осындай күндер беріледі.

Экологиялық қолайсыз аумақтарында және радиациялық қаупі бар аумақтарында тұратын педагогтер үшін қосымша демалыс қарастырылған. Экологиялық қолайсыз аумақтарда істейтін педагогтер үшін ол 7 күннен 12 күнге дейінгі мерзімді құрайды. Ал радиациялық қауiптi аумақтарда тұратын педагогтер 5 күннен 14 күнге дейінгі мерзімді құрайтын қосымша демалысқа құқылы.


Оқи отырыңыз: Тәулікте 4 сағат жұмыс істеп, еңбек демалысына шығуға бола ма?


Мұғалімдердің еңбек демалысы мен сауықтыру жәрдемақысын есептеу алгоритмі:

  • Мереке күндер еңбек демалысында есептелмейді. Еңбек демалысын беру кезінде нақты жұмыс істеген уақыт қана есепке алынады;
  • Еңбек демалысы орташа күндік жалақыны демалыс күндерінің санына көбейту арқылы есептеледі. Орташа күндік табыс 12 айдағы есептелген жалақы сомасын нақты жұмыс істеген күндер санына бөлу арқылы есептеледі. Егер мұғалім бір жылдан аз уақыт жұмыс істеген болса, онда орташа күндік жалақыны есептеу үшін нақты жұмыс істеген айлар ғана есепке алынады;
  • Еңбек демалысын пайдаланбаған немесе оны толық пайдаланбаған мұғалімге өтемақы төленеді. Өтемақыны есептеу үшін орташа күндік табыс пайдаланылмаған демалыс күндерінің санына көбейтіледі;
  • Еңбек демалысының төлемінен және өтемақыдан салық ұсталады;
  • Әрбір білім беру ұйымы еңбек демалысының төлемдерін уақытылы төлеуге жауапты. Ол демалыс басталғанға дейінгі 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей төленеді. Егер педагогтың еңбек демалысы  демалыс кестесіне сәйкес келмесе, оған төлем демалыс берілген күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей төленуі тиіс;
  • Еңбек демалысын беру кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы лауазымдық жалақы мөлшерінде төленеді;
  • Білім беру ұйымдарының штаттық қызметкерлерінің (директор, әдіскер, әлеуметтік педагог, педагог-психолог, педагог-ассистент және басқалар) лауазымдық жалақысының мөлшері базалық жалақыны тиісті коэффициентке көбейту арқылы айқындалады;
  • Пән мұғалімдері үшін нормативтік оқу жүктемесі белгіленеді, сондықтан олардың лауазымдық жалақы мөлшері лауазымдық ақыны нақты оқу жүктемесіне көбейту және шыққан туындыны апталық нормативтік оқу жүктемесіне бөлу арқылы анықталады. Нәтижесінде қосымша ақылар мен үстемеақыларды қамтымайтын жалақының негізгі бөлігі есептелінеді;
  • Нормативтік жүктемесі бар педагогтерге сауықтыруға арналған жәрдемақының мөлшері олардың еңбек демалысы берілген күнгі нақты оқу жүктемесінен есептеледі.