Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының тексеруге жататын мобильді аударымдардың төменгі және жоғарғы шегін белгілеу туралы ұсынысына қатысты жауап берді

Еске салайық, "Ақ жол" фракциясының депутаттары шетел тәжірибесін негізге ала отырып, мобильді аударымдарды бақылаудың жаңаша форматын енгізуді сұраған болатын. 

Ресей тәжірибесін алға тартқан депутаттар сомасы 1 миллион рубльден (шамамен 5,5 млн теңге) асатын аударымдар ғана мониторингке жататынын айтты. 

Алайда, депутаттарға жауап берген премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Ресейде мұндай тәжірибені банктер алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін ғана қолданатынын жеткізді. Оның айтуынша, Ресейде бұл мәліметтер салық органдарына қолжетімсіз. 

Сондай-ақ, Серік Жұманғарин мобильді аударымдардың тексеруге негіз болатын төменгі және жоғарғы шегін белгілеуді де құптамады. 

"Бұл салық салу әділдігі қағидасына қайшы. 3-5 мың теңге сомасындағы төменгі шек дұрыс емес. Өйткені, бөлшек саудада бір тауардың құны бұл сомадан төмен болуы мүмкін, ал жалпы тауар айналымы әлдеқайда жоғары болып шығады", – деп жауап берді үкімет өкілі. 


Оқи отырыңыз: Мобильді аударымдар: Қашан және қанша теңге аударылса, салық салынады