ММА-ден Қазақстан құрамасының спортшылары Бахрейнде өтетін жасөспірімдер арасындағы жазғы Азия ойындарынан сырт қалғалы тұр. Аккредиттелген федерация өкілдері құрлықтағы кешенді жарысқа қатыспайтыны туралы хабардар болған соң, сұрақтарына жауап таппай отыр. 

Біріккен ММА федерциясының өкілдері өздерін Азия ойындарына қатысуға бірден-бір үміткер санаса, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бұған қатысты айтар өз уәжі бар. Информбюро екі тараптың да пікіріне құлақ түрді. 

2024 жылдың 30 желтоқсанында Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) аралас жекпе-жек түрін 2026 жылы Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарының бағдарламасына енгізді. Содан соң, ММА биыл Бахрейнде өтетін жасөспірімдер арасындағы тұңғыш Азия ойындарының бағдарламасына қосылатыны да белгілі болды. Қазақстан Біріккен ММА федерациясының атқарушы директоры Зарина Нажбиеваның айтуынша, осы жаңалықтан соң еліміздегі аккредиттелген жалғыз ММА құрамасы Азия ойындарына дайындықты бастаған. 

Зарина Нажбиева, ММА федерациясының атқарушы директоры:

– Осы хабарды алған соң, Азия ойындарына кім қатысады деген сұрақ күн тәртібіне шықты. Мен халықаралық АМMА ұйымына хабарластым. Себебі, Азия Олимпиадалық кеңесіндегі ММА спортының өкілі – осы ұйым. АМMА ұйымындағылар Азия ойындарына қатысатын командалардың құрамына араласпайтынын, құрамды әрбір елдің  Ұлттық олимпиадалық комитеті жасақтайтынын мәлімдеді. Ақпан айында біз осы жарысқа іріктеу ретінде Қазақстан чемпионатын өткізіп, жазға қарай жасөспірімдер Азиадасына қатысу үшін құжаттар жинай бастадық.

Өйткені, біз елдегі жалғыз ресми ММА федерациясы болғандықтан, ұлттық құраманы біз жасақтаймыз

Осы орайда, ресми құрама, аккредиттелген ұйым болғандықтан, біздің еліміздің атынан басқа спортшыларды қатыстыруға болмайтынын айтқым келеді. Біз халықаралық бөліммен хабарласып, жас ерекшеліктеріне сай спортшыларды таңдап қойдық. Содан соң, аталған спорт түріне  қаражат бөлінбегендіктен, жазғы Азия ойындарына баратын спортшылардың жол шығынын көтеруді облыстық спорт басқармаларынан өтіндік. Спортшылардың ата-анасынан рұқсат қағазын алып, міндетті ADEL/WADA антидопингтік курстарынан өткен сертификаттарды да дайындап қойғанбыз. 

Бірақ, жақында облыстардан хабар келді. Олар Азиадаға басқа құрам баратынын, аталған құрам Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқанын естіген. Сол себепті, ұшаққа билет алу мәселесін кейінге шегеріп қойған. Біз 2025 жылдың 29 тамызына дейін барлық құжатты тапсырдық. Туризм және спорт министрлігі аймақтарға хат жіберді.

Бірақ түпкілікті тізім құрылған кезде, ММА спорт түрі ретінде Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті тарапынан ұсынылмаған.


Оқи отырыңыз: "Бірде-бір жаттығу жиыны өтпеді". Аралас жекпе-жектен бас бапкер әлем чемпионатына қорытынды баға берді


Осы мәселеге қатысты Информбюро порталының сұрағына орай Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті өкілі жауап берді. Ұйымның баспасөз хатшысы Гүлназ Шукенованың айтуынша, бұл жерде турнирді ұйымдастырушы АММА қауымдастығы ерекше роль ойнаған. 

Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің жауабы:

– Олимпиадалық емес спорт түрі саналатын аралас жекпе-жек (ММА) 2025 жылы Бахрейнде өтетін  Жасөспірімдер Азия ойындарының бағдарламасына енгізілді. Азиада ойындарында ММА жарыстарының ресми ұйымдастырушысы – Asian Mixed Martial Arts Association (AMMA) ұйымы саналады.  Дәл осы ұйымға Азия Олимпиада кеңесі (АОК) тарапынан тиісті өкілеттіктер берілген. Өз кезегінде, AMMA өз жұмысын тек құрамында ресми мүшелігі бар федерациялармен ғана жүргізеді. Спорттық өтінімдер мен өзге де ілеспе құжаттар үшінші тараптағы спорттық ұйымдардың жазбаша растауынсыз қабылданбайды.

Бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасынан AMMA құрамындағы ресми мүше – Mixed Martial Arts Ұлттық федерациясы.

Сонымен қатар, AMMA ұйымы биылғы жылдың 29-30 тамыз күндері жасөспірімдер арасындағы алғашқы Азия чемпионатын өткізді. Аталған жарыс алдағы жасөспірімдер Азиадасына қатысу үшін іріктеу кезеңі болып есептелді. AMMA ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан спортшылары жалпыкомандалық есепте 2-орын иеленді.

Осыған сәйкес, Қазақстан спортшылары Бахрейнде өтетін 2025 жылғы Жасөспірімдер Азия ойындарына АОК мен AMMA белгілеген ережелерге сәйкес қатысатын болады.


Біріккен Қазақстан ММА федерациясы 2013 жылдан бері аталған спорт  түрі бойынша аккредиттелген ұйым саналады. Бүгінде осы ұйымнан түлеп ұшқан спортшылар қатарында UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов, Сергей Морозов, Дәурен Ермеков сынды танымал жауынгерлер бар.