"Мешітте қиылмаған". ҚМДБ әнші Абай Бегейдің кәмелетке толмаған қызының некесіне қатысты мәлімдеме жасады
Тексеру барысында жастардың Ақтаудағы мешітке келіп, естелік суретке түскені анықталған.Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінің Маңғыстау облысы бойынша өкілдігі Ақтау қаласында кәмелет жасқа толмаған қыздың некесіне қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады.
Оған сәйкес, жастардың неке қию рәсімі мешітте болмаған және мешіт имамдары кәмелет жасқа толмаған қыздың некесін қимаған. Дегенмен, жастардың мешітке келіп, естелікке суретке түскені белгілі болған.
"Мешітке келіп, құлшылық үйін аралауға, ауласында суретке түсуге шектеу қойылмайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қабылдаған "Мешіт имамдарының неке қию тәртібі" құжатына сәйкес отбасы құрғысы келетін азаматтар әуелі АХАТ бөлімі арқылы заңды некеге отыруы тиіс. Нике қию рәсіміне болашақ ерлі-зайыптылардың ата-анасы немесе олардың заңды өкілдері қатысуы міндетті. Діни некеге ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімі керек. Олай болмаған жағдайда мешітте діни неке қиылмайды", – делінген ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкілдігінің мәлімдемесінде.
Еске салайық, әнші Абай Бегейдің жұбайы Фариза Жұманова биыл тоғызыншы сыныпты бітірген ортаншы қызының тұрмысқа шығуына қатысты жазбасы әлеуметтік желіде түрлі пікір туғызған болатын.