Мемлекеттік орман қорында ағаш кесуге 10 жылға тыйым салынады
Сондай-ақ, дөңгелек пішінді сүректерді сатуға тыйым салынбақ.Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстанның орман учаскелерінде 2033 жылдың 31 желтоқсанына дейін ағаш кесуге тыйым салатын бұйрықтың жобасын әзірледі.
"Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі қылқан жапырақтылар екпелерінде басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кесуге; ағаш және отын сүрегін (0,5-тен 2 м-ге дейін) және тіректерді қоспағанда, іскерлік сүректі тиісті өңдеусіз дөңгелек түрде өткізуге (босатуды) тыйым салынсын", – делінген бұйрық жобасында.
Қазақстанда соңғы жылдары орман қорларында өрт жиілеп кеткені белгілі. Семей орманындағы өрт кезінде 160 гектар орман учаскесі зардап шексе, Абай облысында 3500 гектар орман учаскесін өрт шалды. Өткен жылы Қостанай облысында болған өрт кезінде 43 мың гектар орман өртке оранса, 2021 жылы Шығыс Қазақстанда болған өрт 300 гектар орман алқабын шарпыды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда орман шаруашылығының даму стратегиясы жоқ – эколог
Айта кетейік, орман қоры Қазақстанның жалпы жер аумағының бар болғаны 3 пайызын ғана алып жатыр.
Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 7 тамызға дейін.