Жоғары білім берудің барлық деңгейі бойынша 2023-2024 оқу жылына арналған білім беру гранттарының тізімі жарияланды. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. 

"Биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 88 мың грант бөлінген. Гранттардың басым бөлігі "Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары" білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны – 18 744 грант. Ал "Педагогикалық ғылымдарға"  12 560 грант, "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" саласына  10 103 грант, "Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика" бағытына 7 388 грант бөлінген", – делінген министрлік хабарламасында. 

Министрліктің хабарлауынша, "Серпін" бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. "Серпін" жобасы арқылы төрт даярлау бағыты бойынша білім алуға болады. Олар: 

·        педагогикалық ғылымдар;

·        инженерлік-техникалық;

·        ақпараттық технологиялар; 

·        ауылшаруашылығы мамандықтары. 

Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Айта кетсек, оқу бітіргесін грантты өтеу мерзімі үш жылдан екі жылға қысқартылды. Бұрын мамандар өзі оқыған аймақта ғана грантты жұмыс істеп өтейтін, енді 11 аймақта қызмет ете алады. 

Жалпы, бакалавриатқа түсу үшін 2023-2024 оқу жылында 73 мыңға жуық грант бөлінді.

Магистратураға түсуге 13 мыңнан астам, докторантураға түсуге 1800-ден астам грант бөлінген.

2023-2024 оқу жылына арналған білім беру гранттарын мына сілтемелерден қарауға болады:

Баклавриат http://www.testcenter.kz/press-tsentr/novosti/detail.php... 

Магистратура http://www.testcenter.kz/press-tsentr/novosti/detail.php...

 Докторантура http://www.testcenter.kz/press-tsentr/novosti/detail.php...