Мемлекет басшысы: Қазір жас ұрпақ әлеуметтік желіден тәрбие алып жатыр. Бұл – өте қауіпті үрдіс
Президент мектептерде тәрбие жұмысының ақсап тұрғанын сынға алды.Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Табысқа жету үшін жоспарымыз қол жетпес қиялға не болмаса жалаң сөзге емес, нақты іске негізделуі керек. Сонда ғана оның бәрі жұртқа түсінікті, анық болады. Яғни, "Қайтсек табысты елге айналамыз?" деген сұрақтың жауабы айқын болуға тиіс, деп мәлімдеді мемлекет басшысы Түркістанда өтіп жатқан екінші ұлттық құрылтай кезінде.
"Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз", – деді президент.
Мұнымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде тәрбие жұмысының ақсап тұрғанын тілге тиек етті. Аталған салада кемшіліктер көп екенін де жасырмады.
Оқи отырыңыз: Президент "Ясауитану" ғылыми орталығын немесе институтын құруды ұсынды
"Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу "сәнге" айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді. Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамдағы тағы бір келеңсіз және өзекті мәселе болып тұр. Мұндай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алуы керек. Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал, отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады. Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы екенін айтқан. Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда, кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді. Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды, тіпті, жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Бұл – анық нәрсе. Десек те, ата-аналар баланы мемлекет, Үкімет не қоғам үшін емес, ең алдымен, өзі үшін дүниеге әкеледі. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс. Сол сияқты мектеп те – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай, балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ, белсене атсалысуымыз қажет", – деді президент.
Әрі қарай Қасым-Жомарт Тоқаев балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақырды.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Қазақстан тарихының көптомдығы туралы: Тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауы тиіс
"Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, Адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн. Отанға деген сүйіспеншілік бұл – үлкен жиындарда ұран тастау немесе тек ән шырқау емес. Отаншылдық бұл – шынайы патриоттық сезім. Тұратын үйіңді, аулаңды, қалаңды таза ұстау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ұқыпты болу, яғни әр жерге қоқыс лақтырмау, түкірмеу деген сөз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елордамыздың өзінде азаматтарымыз қоршаған ортаға бейқам қарап, әсіресе, жаз кезінде саябақтарды қоқысқа толтырып кетіп жатады. Мұны жасап жатқан бөтен біреу емес, өз азаматтарымыз. Астанаға келген шетелдіктер, көптеген қонақтар соның бәрін көреді, таңғалады. Әрине, бұл – ұят нәрсе", – деп қосты мемлекет басшысы.