Мектептерде телефон ұстауға толық тыйым салу мәселесі қайта көтерілді. Депутаттардың айтуынша, смартфондар оқу процесіне кедергі келтіріп, оқушылардың зейінін бөледі, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Депутат Анас Баққожаевтың пікірінше, қазіргі таңда балалар бір-бірімен тікелей қарым-қатынасты азайтып, бос уақытын гаджетпен өткізеді. Сонымен қатар мұғалімдер де сабақ барысында жазбаға түсіп қалудан қауіптеніп, еркін жұмыс істеуге қиналатынын айтады.

Ал Жайық Шарабасов мектептерде телефон қолдануға қатысты бірыңғай ереже әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, смартфон тек оқу мақсатында ғана қолданылуы мүмкін.

Бұл бастама қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Бірқатар ата-ана балалардың алаңдамай білім алғанын қолдаса, енді бірі телефон баланың қауіпсіздігі үшін қажет деп санайды.

Сонымен қатар жаңа өзгерістерге сәйкес:

  • мұғалімдер сабақтан тыс уақытта оқушылар үшін жауап бермейді, жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі;
  • ұстаздарды мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларына тартуға шектеу қойылады;
  • шетелдік оқу орындарынан ауысып келген студенттер ҰБТ және арнайы емтихан сертификатын ұсынуға міндеттеледі.