Қазақстанда мектеп кітапханашыларына мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында олардың "Педагог" лауазымына теңестіру мәселесі қаралады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.

Қазіргі таңда "Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы" қаулысында "Педагог-кітапханашы" лауазымы қарастырылмаған. Сәйкесінше, мектеп кітапханашылары "Педагог мәртебесі туралы" заңда қарастырылған жеңілдіктер мен қолдауға ие емес.

Министрдің жауабында, сонымен қатар биыл Оқу-ағарту министрлігі 2165 орта білім беру ұйымы кітапханашыларының біліктілігін арттыру курстарын өткізуді жоспарлап отырғаны жазылған.


Оқи отырыңыз: Айлығы – 96 мың теңге. Депутат мектеп кітапханашыларының жүктеме нормативін қайта қарауды ұсынды


Еске салайық, мәжіліс депутаттары мектеп кітапханашыларының қызметін лицензиялап, оларға біліктілік санатын беруді ұсынған болатын. Депутаттардың дерегінше, Қазақстанда мәдениет саласына қарасты 4 мыңнан астам кітапханашылардың ғана айлығы артып, қалған 8 мың педагогикалық салаға жататан кітапхана қызметкерлері тыс қалып отыр.