Медеудегі өртті сөндіру кезінде сержант Арслан Құрманбеков көз жұмды, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметі. 

"Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында тау баурайында өртті сөндіру бойынша жедел топтың құрамында болып, жанып жатқан ағаш діңінің құлауынан алған жарақаттардың салдарынан Алматы қаласы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкері, 7-ӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушысы азаматтық қорғау сержанты Құрманбеков Арслан Жолдасбекұлы қаза тапты", – делінген хабарламада. 

Құрманбеков Арслан 1994 жылы 23 тамызда Алматы облысында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 2015 жылғы 14 желтоқсаннан бастап жұмыс істеп келді.


Оқи отырыңыз: Мемлекеттік емес өрт сөндірушілердің жалақысы өспейді


ҚР ТЖМ өз кезегінде марқұмның отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін мәлімдеді. 

"Төтенше жағдайлар министрлігі Арслан Жолдасбекұлының туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Өз ісінің маманы ретінде ол туралы жақсы естеліктер біздің жүрегімізде мәңгі қалады. Арслан жауапты қызметкер, кәсіби күрескер және білікті маман болды. Жұмыста ол еңбекқорлығы, әділдігі және мамандыққа деген сүйіспеншілігі үшін бағаланды. ТЖМ қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді", – деді министрліктегілер.