Мәжіліс төрағасы "Жаңа Конституция асығыс дайындалды" деген пікірге жауап берді
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұхбатында "Жаңа Конституция жобасы тым асығыс дайындалды" деген пікірлерге жауап беріп, Ата Заңның ерекшеліктеріне тоқталды.
"Конституция жобасының дайындалуын асығыс деп айтуға болмайды. Ол туралы Президент те айтты. Бұл өзгерістердің негізі әлдеқайда ертерек қаланды. Былтыр күзде Мемлекет басшысы екі палаталы жүйеден бір палаталы Парламентке көшуге бағытталған ауқымды парламенттік реформаға бастамашы болды, ал Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Ата заңға енгізілетін негізгі өзгерістер айқындалды. Сол сәттен бастап науқан белсенді кезеңге өтті, 130-дан астам сарапшыдан тұратын Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды және елдің түкпір-түкпірінен азаматтар арнаулы платформалар арқылы өз ұсыныстарын белсенді түрде жолдай бастады. Жоба азаматтардың ой-пікірлерін ескеріп, күн сайын жаңартылды, жетілдірілді", – деді Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ, мәжіліс төрағасы Жаңа Ата заң шетелдік сарапшылардың қатысуынсыз жасалғанын ерекше атап өтті. Ол – Қазақстанның төл құжаты. Конституцияның жобасын әзірлеу үнемі Мемлекет басшысының бақылауында болған.
"Президент Комиссия мүшелерін қанша мәрте қабылдап, өз ескертулері мен ұсыныстарын айтып отырды. Президенттің қатысуы бұл жұмысқа ерекше тереңдік пен қарқын берді. Конституцияның жекелеген нормаларын Президент тікелей өзі жазды. Бұл да қисынды, себебі жаңа Конституция идеясының иесі – Мемлекет басшысы. Оның ішкі принциптеріне сәйкес келетін Әділдік, Заң мен тәртіп, Тазалық идеялары Конституция преамбуласының негізіне айналды", – деді мәжіліс спикері.