Мәжіліс төрағасы Қазақстанға атом энергетикасының не үшін керек екенін түсіндірді
АЭС ел тәуелсіздігін нығайту, экономиканы орнықты дамыту үшін қажет, деді Ерлан Қошанов.Мәжіліс спикері, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Түркістан облысында "Жастар Рухы" республикалық жастар саяси лагерінің жұмысына қатысып, жастардың – мемлекеттің қозғаушы күші екенін атап өтті, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
"Осыдан екі жыл бұрын біз Зерендіде жастар қанатының атауын өзгерту туралы шешім қабылдаған едік. Содан бері "Жастар Рухы" қарқынды жұмыс атқарып келеді. Ұйымның аты ғана емес, заты да өзгерді. "Жастар Рухы" еліміздегі жетекші қозғалысқа, жастардың рухын көтеретін іргелі ұйымға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Зеренді форумындағы бейнеүндеуінде жастардың заман талабына сай дамуы үшін үш негізгі басымдықты айқындап берді. Ол – білімге ұмтылыс, еңбекқорлық және патриотизм. Бұл бағыттар жастар қанатының алдағы даму жолының өзегіне айналды", – деді партия төрағасы.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстанда АЭС салу мәселесін жеке талқылады. "Жастар Рухының" белсенділері мен мүшелері бұл бастаманың маңызын атап өтіп, АЭС құрылысына қолдау білдірді.
Өз сөзінде ғалым Нұрхат Жәкиев Қазақстандағы энергияның 80 пайызға жуығы бүгінде көмір арқылы өндірілетініне және атом энергиясын пайдалану осы жағдайдан шығудың ең тиімді жолы екеніне назар аударды.
"Қазір әлем өзгеріп жатыр. Біз жасанды интеллект, 6G интернет, электромобиль, дрондар, биотехнология, кванттық компьютер секілді киберғылым дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұның бәрі немен жұмыс жасайды? Әрине, энергия көздерінен қуат алады. Сондықтан да, білектің заманында мықты болған біз білімнің заманында артта қалмау үшін ғылымның күшіне сүйеніп экологиялық тұрғыдан тиімді энергияның жолын табуымыз керек. АЭС құрылысы алдағы 100 жылда еліміздегі электр қуаты тапшылығы мәселесін шешеді, жаңа жұмыс орындары ашылады", – деді ол.
"Жастар Рухы" жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат өңірді жылумен, тұщы сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етіп келе жатқан Маңғыстау атом энергетика комбинаты 56 жылдан бері жұмыс істеп тұрғанына назар аударды. Оның айтуынша, бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан біртіндеп электромобильдерге көшуде, бұл да тұрақты энергия көзінің болуын талап етеді.
Ал жас ғалым, Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Асхат Шүкіров бүгінде атом электр станцияларын пайдаланатын әлемнің 32 еліне дүниежүзілік экономиканың және әлем халқының тең жартысы тиесілі екенін атап өтті. Бұған қоса, әлемдегі экспорттық тауарлардың 70 пайызын осы елдер өндіреді. Оның айтуынша, Қазақстан жаһандық дамудан шет қалмауға тиіс. Ол үшін Қазақстанға энергия беріп қана қоймай, отандық ғылым мен технологияны жаңа деңгейге көтеретін АЭС қажет.
Мәжіліс төрағасы жас белсенділердің пікіріне қолдау білдірді. Ол АЭС төңірегінде жүріп жатқан ауқымды пікірталасқа жастар белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын батыл білдіруі керек екенін атап өтті.
"Еліміз үшін ең маңызды шешімдер тек халықтың пікірін ескере отырып қабылданады. Бұл – Мемлекет басшысының басты ұстанымы. Демек, АЭС салу мәселесінде негізгі шешімді халық қабылдайды. Атом энергетикасы не үшін қажет? Біздің болашағымыз үшін, мемлекетіміздің бәсекеге қабілетін арттыру үшін қажет. АЭС – ғылым мен технологияны дамытуға жол ашады. Түптеп келгенде ел тәуелсіздігін нығайту, экономикасын орнықты дамыту үшін қажет", – деді Ерлан Қошанов.