Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов референдумда дауыс берді
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумда өз таңдауын жасады.
Спикер Астана қаласындағы №128 сайлау учаскесінде дауыс берді. Бұл сәтте журналистер Ерлан Қошановтан: "Егер жаңа Ата заң қабылданса, елдің вице-президенті кім болуы мүмкін?" деп сұрады.
"Бұл мәселені талқыламас бұрын, ең алдымен, Конституцияны қабылдап алуымыз керек. Екіншіден, соған сәйкес келетін конституциялық заңдарды бекітуіміз қажет. Қазіргі уақытта Парламент осы бағытта жұмыс істейтін болады. Бұл мәселеге содан кейін ғана ораламыз. Ал үшінші және ең бастысы – бұл мемлекет басшысының құзыретіндегі мәселе. Вице-президенттің кім болатынын президенттің өзі шешеді", – деп жауап берді Қошанов.
Оқи отырыңыз: Референдум - 2026: Геннадий Головкин Бангкокта дауыс берді
Еске сала кетейік, жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум бүгін, 15 наурызда өтіп жатыр. Дауыс беруге 12 миллионнан астам сайлаушы қатыса алады. Алғашқы референдум учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де Сеул мен Токио қалаларында ашылған болатын.