Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов әлеуметтік желіде қазақстандықтарды алдағы Республика күнімен құттықтап, 34 жыл бұрын қабылданған Ел егемендігі туралы декларацияның мән-маңызына тоқталды. 

Мәжіліс спикерінің айтуынша, декларация арқылы Қазақстан өзінің дербестігі мен аумақтық тұтастығын бүкіл әлемге жария етті. Халықаралық қатынастардың дербес субъектісіне айналып, сыртқы саясатты өз мүддесіне сай жүргізетінін батыл мәлімдеді. 

"Біздің ендігі мақсатымыз – басты құндылығымыз – тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғау, оны нығайту. Президентіміз қандай бастаманы қолға алса да, осы бұлжымас қағидадан айныған емес. Әрине, өмірде жетістік те, қиындық қатар жүреді. Ел басына күн туып, түрлі сынақтар болуы да әбден мүмкін. Оны биылғы алапат су тасқыны кезінде көрдік. Бірақ мойымадық. Президентіміздің маңайына топтасып, бұл ауыртпалықты ел болып еңсердік", – деді Ерлан Қошанов. 


Оқи отырыңыз: Ерлан Қарин президенттің бүгін еңбек адамдарын марапаттауының үш ерекшелігін атады


Мәжіліс төрағасы соңғы жылдары Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған реформалар жемісін беріп жатқанын еске салды. Оның айтуынша, мұның бәрі – қазақстандықтардың ауызбірлігінің, тұтастық пен тәуелсіздіктің арқасы. 

"Іргелі ел болып қалыптасып жатқанымыздың нақты көрінісі. Біздің дұрыс жолда келе жатқанымыздың айқын дәлелі дер едім. Сондықтан біз осы алған бағытымыздан таймауымыз керек. Ол – Әділетті Қазақстан құру жолы. Айтулы мереке – Республика күні ел күнтізбесінен ойып тұрып орын алды деуге болады. Бұл – мемлекетімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың нақты нәтижесі. Біз алдағы уақытта да осы қарқынды бәсеңдетпеуіміз керек. Мәжіліс депутаттары президент бастамаларын әрі қарай да іске асыруға атсалыса береді", – деді мәжіліс спикері. 


Оқи отырыңыз: