Мәжіліс депутаты "Оператор РОП" қызметіне шұғыл тәуелсіз аудит жүргізуді ұсынды
Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, жиналған қаржының 10%-ы ғана утильге бағытталған.Парламент мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин жеке оператор қызметіне құрылған уақыттан бастап шұғыл тәуелсіз аудит жүргізуді сұрады. Сондай-ақ, ол аудиттің мемлекеттік операторға қаражат аударылғанға дейін жүргізілуі керек екенін айтты.
Депутат 2016 жылдан бері утилизация алымы жиналса да, қаражатқа байланысты ашықтық қамтамасыз етілмегенін айтады.
"Қаулы жобасына қарасақ, 5 жыл бойы жеке оператордың ақшаны белсенді түрде жинау процесінің ашықтығы ұмытылған. Жалпы утиль жинаудан түскен қаржы туралы әртүрлі цифр айтылды. Жеке оператордың БАҚ-қа берген мәліметіне қарасақ, 2016 жылдан 2021 жылдың қыркүйек айына дейін түскен қаржы 600 миллиардтан астам теңгені құрайды. Бұл қыруар қаржы қайда кеткен? Ол жөнінде де толық дерек жоқ. Біз тәуелсіз аудит нәтижелерінің орнына экологиялық кодекстен жеке оператордың ақшаны идея бойынша неге жұмсау керек екені туралы ақпарат аламыз. Ашық дереккөздерден алған мәліметтер бойынша 300 миллиардтай теңге автокөлік өнеркәсібін және ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді ынталандыруға берілген. 30 миллиардтай теңге ескі көліктерді тапсырған халыққа төленген. 29 миллиардтай теңге ескі техникаларды жинақтауға және утилизация жасауға жіберілген. Ал 181 миллиардтай теңге қайда кеткені белгісіз. Сонда бүкіл жиналған қаржының 10%-ы ғана утильге бағытталған ба?" – деді Еділ Жаңбыршин.
Оқи отырыңыз:
- Экология вице-министрі мен "Оператор РОП" ЖШС басқарма төрағасы ұсталды
- РОП операторының басқарушы директоры Руслан Шәмшиев өз-өзіне қол жұмсады
Сонымен қатар, депутат қаулы жобасында тек жарғылық капиталды үлеске беру туралы айтылғандықтан, активтердің тағдыры түсініксіз екенін айтады. Ал ағымдағы шоттан ақшаларды аудару туралы еш дерек жоқ.
"Утиль жинау төлемін жаңа оператордың қабылдап бастағаны туралы экология министрлігінің тосын мәлімдемесі сұрақ туғызады. Өйткені, қаулы жобасы ағымдағы жылдың 1 ақпанына дейін талқыланады. Одан кейін оның нақты қабылданатыны белгісіз болып тұр. Утиль жинаудың мөлшерлемесін қайта қарау жөніндегі сұрақ та ашық қалып отыр. Бүгін әңгіме базалық мөлшерлеме төңірегінде, ал алынатын сомалар негізінен коэффициенттер арқылы манипуляция жасалып отыр. Неге халықтан алынған утиль жинақ есебінен көлік өндірісін дамытамыз? Бизнестің өзі инвестиция салмай ма? Утиль жинау тек ескі техникаларды залалсыздандыру үшін пайдалануы керек емес пе?" – деді депутат.
Осы орайда, Еділ Жаңбыршин партия атынан бірнеше ұсыныс айтты:
- Жеке оператордың қызметіне құрылған уақытынан бастап шұғыл тәуелсіз аудит жүргізу және аудитті мемлекеттік операторға қаражатты аударғанға дейін жасау.
- Өткізілген жұмыстардың нәтижелерін ашық ақпарат көздерінде жариялау.
- Тексеру нәтижелері бойынша жеке оператордың активтерін мемлекеттік операторға толық көлемде беруді қамтамасыз ету.
- Есеп айырысуды және функцияларды мемлекеттік операторға берудің рәсімдерін аяқтағанға дейін утиль жинауға мараторий жариялау.
- Утиль жинау есебінен көлік және ауыл шаруашылық техника өндірушілерін қолдауға тыйым салу.
- Жұмыс тобына парикеттік жағдайды, барлық тарапты мүше қылу және оған мәжіліс депутаттарын тарту.
- Мемлекетте өткен операторды басқаратын кадрларды қайта қарау.
Еске салсақ, РОП операторының басқарушы директоры Руслан Шәмшиевтің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабарлаған едік. Қазір полиция тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.