Мәжіліс депутаты ерлі-зайыптыларды тегін генетикалық тексеруден өткізуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Қазақстанда "carrier screening" жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Бұл жоба әке мен ана атануға бел буған жас жұбайларды алдын ала генетикалық тексеруден өткізуді көздейді.
"Дүниеге мүгедектігі бар балалардың көптеп келуі өзекті мәселеге айналып отыр. Ата-аналар мен балалар бастан кешіретін эмоциялық-психологиялық ауыр жағдайды айтпағанның өзінде, мұндай балалардың ата-аналары үшін толыққанды жұмысқа орналасу да қиындық тудырады. Мүгедектігі бар балалардың ата-аналар осы мәселе бойынша депутаттарға жиі жүгінеді. Мұндай балаға үнемі күтім қажет болуына байланысты, ата-ананың бірі еңбек нарығынан толықтай шеттеліп, бүкіл өмірін баласына арнауға мәжбүр болады", – деді депутат.
Осыған орай, Магеррам Магеррамов жас жұбайларды алдын ала генетикалық тексеруден өткізу бастамасын көтерді. Бұл тексеру ерікті және тегін жүзеге асырылуы тиіс.
"Жастарды генетикалық тестілеуден өткізу арқылы тұқым қуалаушылық жолмен берілетін көптеген аурудың алдын алуға болады және ауыр генетикалық сырқаты бар балалардың дүниеге келу тәуекелін азайтамыз", – деді Магеррам Магеррамов.