Мәжіліс депутаты БҚО өрт сөндірушілерінің жұмысымен танысты
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев Батыс Қазақстан облысына сапары барысында төтеншеліктермен кездесті. Басқосуда жұмыс күшінің тапшылығы сөз болды. Депутат төтенше жағдай саласында күрмеуі қиын мәселелерді шешу үшін қызметкерлер тапшылығын жойып, техникалық базаны нығайтудың қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.
"Жастарды оқыту, өрт сөндірушілерді жарақтандыру, машықтандыру мәселесі бар. Бұл жұмыстар қандай деңгейде атқарылып жатыр? Соны көрейік, білейік деп, арнайы ат басын бұрып отырмыз. Енді орман шаруашылығы өкілдерімен де кездесеміз. Бірқатар жұмыстармен таныс болып жатырмыз. Ең басты мәселе-кадр жетіспеушілігі. Ол шешілсе жұмыс нәтижесі де озық болары анық", – деді Төтенше жағдай департаменті қызметкерлерімен болған кездесуде мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.
Алапат өрт бола қалған жағдайда құтқарушылар санының жеткілікті болуы, техниканың қауқары аса маңызды. Абай облысындағы зор залал әкелген қызыл жалын салаға бөлінетін қаражатты мақсатты игеруде тексеріс қажетін аңғартты. Халық қалаулысының айтуынша, өрт сөндіруге арналған 80-ші жылдардағы техникалар әлі қолданыста. 5 сәуірден бастан Батыс Қазақстан облысында өрт қаупі басым маусым басталды. Орман өрттерінің алдын алу мақсатында кешенді түрде жұмыс жүріп жатыр. Биыл облыста 7,1 млн теңгеден астам сомаға 142 аспалы өрт сөндіргіш сатып алынып, қауіпті кезеңдегі жалынмен күреске 50 млн теңге бөлініпті. Ал өткен жылы 15 арнайы техника алынған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.
"Жеті өрт сөндіру автокөлігін сатып алу жоспарда. Осы мақсатта тендер өткізіліп, бүгінгі таңда қазан айында қол жеткіземіз деп күтіліп отыр. Өрт сөндірушілерге дала және орман өртін өшіруге аспалы өрт сөндіргіштер алынып жатыр" – деп атап өтті БҚО ТЖД бастығының орынбасары Рашид Блялов.
БАҚ саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, өзекті тақырыптарды бағдарламалары мен арнайы материалдарына арқау етіп келген Нартай Сәрсенғалиев халықтың мұң-мұқтажымен етене таныс. Депутаттың мәліметі бойынша, бүгінде әсіресе ауыл-аймақтарға 100-ден аса құтқарушы жетіспейді.