Ұлттық статистика бюросы маусым айындағы инфляция бойынша мәліметтерді жария етті. Онда маусымда жылдық мәнде инфляция деңгейі 11,8% құрағаны жазылған. 

2025 жылғы маусымда тұтыну бағаларының айлық индексі баяулай түсіп, 0,8% құрады (2025 жылғы мамырда – 0,9% болатын). Азық-түлік тауарларының ішінде қияр 19,5%, қырыққабат 18,1%, қызанақ 15%, сарымсақ 8,4%, банан 3,4%, жұмыртқа 3% арзандады.

Ал балмұздақ бағасы керісінше 1,9%, йогурт – 1,6%, жаңғақ – 1,5%, рулет пен кекстер – 1,3%, кондитерлік өнімдер мен салқындатылған сусындар – 1%, сарделька 0,9% өсті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде маусым айында тұрмыстық заттардан электрлі ет тартқыш бағасы 2,5%, үтіктікі 1% өскен.

Тарифтер арасынан ыстық су 6,2% төмендеді.

Қызмет көрсету секторында баға фотограф қызметіне 3,3% өскен, салтанатты шаралар өткізетін ұйымдастырушыларда – 2,8%, теледидар жөндеу – 2,4%, тұрғын-үй, жайларды жөндеу және қызмет көрсету – 1,4%, шаштараздар мен сұлулық салондары қызметтері 1,3% жоғарылаған.

Жылдық мәнде қарақұмық жармасы – 9%, күріш – 8,3%, қияр – 3,5%, сұлы жармасы – 2,5%, кептірілген өрік 2,3% арзандады. Керісінше алмұрт – 11,3%, консервіленген жүгері – 10,8%, жеміс және көкөніс шырындары 10,4% қымбаттаған.

Азық-түлік емес тауарларының ішінде блендер бағасы 7,8% өсті. 2024 жылғы маусыммен салыстырғанда өткен маусым айында кабельдік телевизия қызметтері 2,2% жоғарылаған.

2025 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық-түлік тауарларының үлесі – 40,0%, азық-түлік емес тауарлар – 30,3%, ақылы қызметтер 29,7% құрады.