"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалы қалада дүниеге келген сәбилерге қойылатын ең танымал есімдерді жариялады. Өңірде арабша және Ислам дініне сәйкес келетін есімдер жиі қойылады. 

"Соңғы жылдары ата-аналардың талғамы өзгеріп, балаларға шығыстық мәні бар әдемі есімдер жиі қойылып жүр. Мысалы, қыздарға – Маруа, Хадия, Айсафи, ал ұлдарға – Омар, Әбу Бәкір, Ибрахим есімдері танымал бола бастады", – делінген хабарламада. 

Дегенмен, Шымкентте қазақ есімдерін таңдайтын ата-аналар саны да көп. Ал ең жиі қойылатын қазақ есімдері арасында Көркем, Аяулым, Айкөркем және ұлдар арасында Ертұлға, Әміре, Дарын есімдері танымал. 

"Әр есім – ата-ананың жүрек қалауынан туған ерекше таңдау. Ол баланың болашақтағы бейнесін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады", – деді Шымкент қалалық филиалының директоры Айнұр Тобаева. 

Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері Шымкентте 20 мыңнан астам нәрестеге туу туралы куәлік берілген.


Оқи отырыңыз: Адамның тағдыры есіміне байланысты ма?