Мемлекет басшысының Жарлығымен бұрынғы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.  

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов / Фото: Informburo.kz

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Марат Мұратұлы Ахметжанов Ақмола облысының әкімі лауазымына тағайындалды", – делінген хабарламада. 

Бүгін, 5 қыркүйекте Қазақстанның төрт облысының мәслихаттарында жаңа әкімдерді тағайындауға келісім алу мәселесі бойынша депутаттардың жиналысы өтіп жатыр. Ақмола облысында депутаттар жиналысы сағат 10.00-ге жоспарланған болатын.

Ашық дауыс берудің нәтижесінде 177 депутат Марат Ахметжановтың, 73 депутат Мұрат Балпанның кандидатурасын қолдап, дауыс берді. Жиналысқа барлығы 250 депутат қатысты.


Оқи отырыңыз: Жаңа әкімдер тағайындалады: Мұрат Әйтенов пен Ералы Тоғжанов қызметінен кетеді


2019 жылдың наурыз айынан бастап аймақты Ермек Маржықпаев басқарды. Ол 2 қыркүйекте Туризм және спорт министрі болып тағайындалды.

Марат Ахметжанов 2022 жылдың ақпан айынан бастап Ішкі істер министрі қызметін атқарды. Бұған дейін ол ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарды, сондай-ақ ҚР Бас прокурорының орынбасары қызметін атқарды. Полиция генерал-полковнигі.