Маңғыстауда халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жобалар іске асып жатыр
Бүгін, 30 маусымда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдегі ауыз су тапшылығын шешу бағытында қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, Маңғыстауда ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін қуаты 286 мың текше метр болатын 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жуырда солардың бірін іске асыру шеңберінде Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұшыту зауыты іске қосылады. Нәтижесінде "Астрахан-Маңғыстау" су құбырынан босаған 10 мың текше метр ауыз су Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Жетібай ауылдары тұрғындарының игілігіне қолданылады.
Сондай-ақ, "Каспий" су тұшыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-ші кезеңі жүргізілуде.
Осы жазда 5 000 текше метр су тұшыту қондырғысы қолданысқа беріледі. Жоба осы жылы пайдалануға беріледі. Жеке инвестор есебінен Ақтау қаласында 20 мың текше метр су тұщыту қондырғысының құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, биыл "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" компаниясы аумағында өнімділігі тәулігіне 24 мың текше метр және Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр су тұшыту қондырғыларын салу жұмыстары басталады.
"Президенттің 2022 жылға дейін 12 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау тапсырмасына сай қазіргі таңда Бекі және Басқұдық ауылдарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталып, іске қосылуда. Қалған 10 ауыл жыл соңына дейін қамтылады. Нәтижесінде елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтуды биыл 96%-дан 100%-ға дейін жеткіземіз",– деді Нұрлан Ноғаев.