Маңғыстау облысы аумағындағы Баутино ауылы маңындағы теңіз жағалауынан тағы 35 өлі итбалықтың денесі табылды. Бұл туралы lada.kz хабарлады.

Мамандардың айтуынша, 19 мамыр күні облыстық балық шаруашылығы басқармасына қарасты жануарлар дүниесін қорғау қызметінің инспекторлары "Асан" мен "Каса" аумақтарының аралығындағы жағалаудан өлі итбалықтарды анықтаған. Сонымен қатар жағалаудан бекіре тұқымдас екі балықтың өлексесі де табылған.

Оқиғаға байланысты зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің мамандары теңіз суынан сынама алды. Зерттеу нәтижелері әзірге жарияланған жоқ, мамандар қорытынды кейінірек хабарланатынын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін сарапшылар Түпқараған ауданына барып, теңіз суынан сынама алған болатын. Сол кездегі зерттеу нәтижесі бойынша теңіз ортасынан ластаушы заттар анықталмаған.

Еске салсақ, 10-11 мамыр күндері Баутино ауылы маңындағы жағалаудан 37 өлі итбалық табылған еді. Осылайша соңғы апталарда табылған өлі жануарлар саны 70-тен асты.

Бұған дейін мамандар итбалықтардың қырылуына табиғи іріктелу себеп болуы мүмкін деген болжамды да қарастырған.