Ақтауда Туризм және спорт министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен Mangystau International Tourism Forum басталды. Форумға халықаралық ұйымдардың өкілдері, соның ішінде ТҮРКСОЙ мен Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар, бизнес өкілдері, инвесторлар және сарапшылар қатысуда.

Форумның негізгі мақсаты – өңірдің туристік және инвестициялық әлеуетін таныстыру, Орталық Азиядағы туризмді дамыту перспективаларын талқылау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.

Бағдарлама аясында инвестиция тарту, көлік қолжетімділігі, медициналық, оқиғалық және жаппай туризмді дамыту мәселелеріне арналған пленарлық отырыстар жоспарланған.

"Туризмді дамыту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Ішкі және келу туризмін қолдау, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру және бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашу бағытында мемлекет нақты шаралар қабылдап жатыр. Биыл Маңғыстау облысын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Құжат аясында жалпы құны 401 млрд теңгені құрайтын 100-ден астам іс-шара қарастырылған. Бұл форум өңір үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды қадам болмақ", – деді туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов

Сондай-ақ, елге шетелдік туристерді тарту үшін қолайлы жағдай жасалуда. Бүгінде Қазақстанға 87 елдің азаматтары визасыз кіре алады, ал 30 мемлекетпен тікелей әуе рейстері ашылған. Бұдан бөлек, "әуе кеңістігінің бесінші еркіндігі" режимі қолданылады. Мұның барлығы Қазақстанның халықаралық саяхатшылар үшін тартымдылығын айтарлықтай арттырады.

"Қазақстан ЭЫҰ шеңберіндегі өңірлік ынтымақтастықта айқын көшбасшылық танытып қана қоймай, туризмді инклюзивті әрі тұрақты дамудың негізгі тетігі ретінде ілгерілетуге деген тұрақты ұстанымын дәлелдеп келеді", – деді Экономикалық ынтымақтастық ұйымы бас хатшысының орынбасары, елші Жандос Асанов.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің туристік саласын дамытуға тоқталып, инфрақұрылымдық жобалардың қарқынды іске асырылып жатқанын атап өтті.

"Маңғыстау – тек мұнай мен газ ғана емес, сондай-ақ қайталанбас табиғи және мәдени мұрасы бар ерекше өңір. Президент тапсырмасына сәйкес, біз облысты туристер мен инвесторлар үшін тартымды орталыққа айналдыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасалуда. Дегенмен ең бастысы – бұл бағытта экологияға және қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермеуіміз керек. Сонымен бірге ұлттық құндылықтарымыз бен мәдениетімізді сақтау маңызды. Қазіргі мақсат – қазақтың дәстүрлі заңдылықтары мен ұлттық дәстүрлерін сақтай отырып, Маңғыстауға туризмді барынша дамыту", – деді аймақ басшысы.

Маңғыстау өңірі Қазақстанның туристік картасында айрықша орынға ие. Каспий теңізінің жағалауы, Бозжыра мен Қызылкүп шатқалының қайталанбас ландшафттары, бай тарихи-мәдени мұрасы аймақты Орталық Азиядағы ең әлеуетті туристік бағыттардың біріне айналдырады.

2020 жылдан бері өңірге 4,1 трлн теңге инвестиция тартылды, ал туризм негізгі салалардың біріне айналды.