Атырау іргесіндегі Алғабас және Тасқала ауылының тұрғындары тонналап топырақ алынып жатқан карьердің жабылуын талап етеді, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

Ауыл тұрғындары жел тұрса шаң тозаңның астында қалатындарын, шұңқырға төрт түлік құлап өліп жатқанын айтып отыр. Бұл мәселеге жауапты мамандар карьерлердің жұмысын тоқтата алмайтынын айтады. 

Екі жыл бұрын тұрғындар шу көтергенде аумағы 35 гектарды алатын карьер жабылған еді. Бірақ, кеше жұмысы қайта жанданғанын көрген тұрғындар тағы да наразылыққа шықты. Олар онсыз да Атырау мұнай өңдеу зауыты мен қамыс өртінің ортасында отырғанда, карьерден келетін шаңның зардабын тартатынын айтады.

"Карьердің ашылғанын ешкім білмейді. Ең болмаса "осындай жерде карьерді қайта ашайық деп жатырмыз" деп халыққа айтпай ма? Ешкім айтқан жоқ. Кеше топырақты тасып жатыр. Көкала шаң. Ауылдан береке кетті. Биліктен карьер жұмысын тоқтатуды сұраймыз", – деді ауыл тұрғыны Оралбай Дәрібаев. 


Оқи отырыңыз: "15 жылдан бері үйсіз жүрміз". Атырауда жетімдерге арналған үй кезегі неге жылжымай тұр?


Тұрғындардың бірі Абай Әли көбіне жел ауылға қарай соғатынын, шығыстан соққан кезде ауылды шаң басатынын айтып отыр.

"Карьердің жабылуын талап етеміз. Жұмысын тоқтатсын. Жасыл белдеу жасаймыз дейді. Жан-жағының бәрін қазып тастағаннан кейін ол қалай болады?" – деді Абай Әли.

Жайылымдық жер тапшы болғандықтан қараусыз қалған мал бұған дейін карьерге бірінен соң бірі құлап, өлген еді дейді халық.

"Өзіміз бұл жерден бір машина да топырақ ала алмаймыз. Біз алсақ, айыппұл салады. Халыққа бермесе, топырақ қайда кетіп жатыр? Одан да бұл жерді халыққа жер қылып берсінші. Малым жоқ. Бірақ, малы бар адамдар карьерден қорқып отыр. Малдары ертең құлап өледі ғой. Мал өлгеннен кейін отбасын асырай алмайды", – деді ауыл тұрғыны Айнагүл Бегалиева.


Оқи отырыңыз: Атырау облысында үлескерлер екі жылдан бері үй ала алмай жүр


Наразы топпен кездесуге келген округ әкімі бұл мәселені Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына жеткізгенімен, олар карьер жұмыс тоқтамайтынын айтады. Заң жүзінде кәсіпкерге еш шектеу болмаса да, тараптарға тиімді шешімді қарастырмақ.