Екібастұз ГРЭС-1 аумағында майнинг дата-орталықтары жұмыс істеген
Алдын ала болжам бойынша кірістер сомасы 805 млн теңгені құрады.Павлодар облысы Екібастұз ГРЭС-1 аумағынан майнинг дата-орталықтары табылды, деп хабарлайды қаржы мониторингі агенттігі.
Агенттіктің аймақтық департаменті электр энергиясын тиісті лицензиясыз сатқан кәсіпкерлердің заңсыз әрекетін әшкереледі.
"Екібастұз ГРЭС-1 аумағында орналасқан майнинг дата-орталықтарының үздіксіз жұмыс істеуі мақсатында пайдаланылатын электр энергиясын заңсыз тұтыну және сату ұйымдастырылған. Бұл ретте электр энергиясы жеке ЖШС-ға екі кәсіпорынның атынан келіп түсіп отырған", – деп хабарлады ҚМА.
ЖШС-ның электр энергиясын өткізуге лицензиясы болмаған.
"Өз кезегінде бұл ЖШС электр энергиясын өндірістік қажеттіліктер үшін өндіруші ұйым болып табылатын ЕГРЭС-1-ден сатып алған. Алдын ала актіге сәйкес, белгіленген табыс сомасы 805 млн теңгені құрады", – деп толықтырды ведомстводан.
Істі тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді.
Энергетика министрлігі бұрын "сұр" кеншілерді анықтау неге қиын болғанын айтты. Вице-министр Жандос Нұрмағанбетовтың сөзінше, энергия беруші және энергияны өткізетін компаниялар олардың орналасқан жері туралы ақпарат бермейді.
"Мұнда түсіну керек: не олар білмейді, не бұл ақпарат жасырылады. Мұны анықтау қажет", – деп толықтырды вице-министр.