9 желтоқсанда магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау басталады. Ол 13 желтоқсанға дейін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі. 

Министрлік дерегінше, магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуді 10 мыңға жуық адам тапсырды. Олардың 32%-ы шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша 71 балл, бейіндік бағыт бойынша 24 балл. Ең жоғары балл – 135.

"Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет. Магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалады", – делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз:


Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет: 

  • жеке куәліктің көшірмесі; 
  • жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы);
  • КТ сертификаты және шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттар (бар болған жағдайда). 
  • 075/у нысанындағы медициналық анықтаманы жоғары оқу орнына түскенде тапсырады.

Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.

Магистратураға түсушілер 4 мың мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады.

Магистратураға білім беру гранты иегерлерінің тізімі 25 желтоқсанға дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады.

Болашақ магистранттардың оқуға қабылдануы 26 желтоқсан мен 2025 жылдың 10 қаңтары аралығында жүргізіледі.