Магистратураға 42 мыңға жуық өтініш қабылданды. Көбі педагогика ғылымдарын таңдаған
Кешенді тестілеу 20 шілдеде басталады.Қазақстанда магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау аяқталды. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, республика бойынша 41 815 өтініш қабылданды.
Үміткерлердің басым көпшілігі (17 567 адам) Педагогикалық ғылымдарды таңдаған.
Кейінгі кезекте Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары (6416 адам) мен Бизнес, басқару және құқық (5089 адам) тұр.
Толық тізім:
Кешенді тестілеу биыл 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді.
Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Барлығына 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті балл – 75 балл.
Биыл бейінді магистратураға түсу ережелеріне өзгерістер енгізілді. Енді бейінді магистратураға түсуге ниетті үміткерлер «Оқуға дайындығын анықтауға арналған тест» бөлімінен босатылды. Осылайша, олар тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл кемінде 30 балл, оның ішінде әрбір бейінді пән бойынша кемінде 7 балды құрайды.
Сондай-ақ, басшы лауазымында кемінде бес жыл өтілі бар немесе білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес мамандығы бойынша кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар тұлғалар бейінді магистратураға ақылы негізде әңгімелесу нәтижелері бойынша қабылданады.
Кешенді тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда түсушілер тестілеу аяқталғаннан кейін онлайн апелляцияға бере алады.
Магистратураға түсушілер 13 мыңға жуық білім беру грантына үміткер бола алады.