Мәжіліс депутаттары Конституцияға өзгерісті президент сайлауына дейін енгізу қажеттігін айтты
"Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының мүшелері мәлімдеме жасады."Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының мүшелері мәлімдеме жасап, Конституцияға президенттің өкілеттігіне қатысты өзгерісті сайлауға дейін енгізуді ұсынды. Бұл ұсынысты Парламент Мәжілісіндегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының мүшелері де талқылаған.
Депутаттық топтың ұсыныстары:
Бірінші. Биыл елімізде конституциялық реформа қолға алынды. Жаңа, Әділетті Қазақстан құрамыз, "Екінші Республика" моделіне көшеміз деп жарияладық. Мемлекеттік жүйені, соның ішінде мемлекет басқару ісін жаңғырту қажет екені даусыз. Яғни, бұл – демократиялық басқару моделіне көшуге жол ашатын бастама. Сондықтан, қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзімді енгізу дұрыс бастама. Ешкім Президент билігін ұзақ жылдар бойы иемденбейді. Бұл еліміздің суперпрезиденттік биліктен толық кеткенімізді бекіте түседі.
Екінші. Қазір әлемдегі кейбір елдерде мемлекет басшысының өкілеттігін ұзарту бойынша бастамалар көтеріліп жатқан тұста, біздің елімізде керісінше Президент өкілеттігін қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзіммен шектеу – еліміздің демократиялық бағытты берік ұстанғанын көрсетеді.
Үшіншіден, егер Президент кезектен тыс сайлауда 5 жылға сайланып, содан соң 7 жылдық мерзімді енгізетін болса, онда қазіргі Президенттің үшінші мерзімге сайлануына құқықтық негіздер пайда болуы мүмкін деген әртүрлі алып-қашпа пікір айтылуда.
Сондықтан қазіргі Президент 5 жылдан кейін тағы да 7 жылға баруы мүмкін деген күмәнді сейілту үшін биыл бірден 7 жылдық мерзімге сайланғаны дұрыс болар еді деп ойлаймыз. Сонда аталған құқықтық коллизия туындамайды.
Оның үстіне, Мемлекет басшысы кезектен тыс сайлау өткізбей, екі мерзімге сайланса да, биыл кезектен тыс сайлауда 7 жылға сайланса да, оның өкілеттік мерзімі 2029 жылы аяқталады. Яғни қазіргі Президент мерзімінің ұзақтығы өзгеріссіз қалады.
Төртінші. Біз, бұрынғы жүйені қалыптастырған саяси күштердің, ықпалды топ өкілдерінің билікке ұмтылып отырғанын ұмытпауымыз қажет. Президенттің қазір сайлау өткізіп және жеті жыл мерзімге сайлануы мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол жаңа инклюзивті азаматтық қоғам құруға мүмкіндік алады.