ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заң қабылданды. Депутаттар ол туралы не дейді
Мәжілісте қабылданған ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заң тек балалар мен жасөспірімдерді теріс контенттен қорғауға бағытталған, деп мәлімдеді депутаттар құжатты талқылау кезінде.
Депутат Никита Шаталовтың айтуынша, заң азаматтардың жеке өміріне қол сұқпайды және ешкімнің құқықтарын шектемейді.
"Ешкім ұлттық парламентке қандай нормаларды қабылдау керектігін айта алмайды. Ақпараттық қысым арқылы өз көзқарасын таңу – нонсенс. Бұл заң жеке өмірге емес, қоғамдық кеңістікке қатысты", – деді ол.
Ол Қазақстанда адамдарды көзқарасына немесе жеке ерекшелігіне байланысты қудалау болмайтынын, мәселе тек қоғамдық ақпараттық кеңістіктегі тәрбиелік ықпал туралы екенін атап өтті.
"Бұл – өзге өмір салтын тыйым салу емес, балалардың санасына отбасы мен неке туралы бұрмаланған түсінік енгізуді шектеу", – деді Шаталов.
Ал депутат Елнұр Бейсенбаев құжаттың педофилия мен дәстүрлі емес бағыттағы насихатқа тыйым салуды қамтитынын айтты.
"Балалар күн сайын интернет пен медиа кеңістікте олардың санасына кері әсер ететін ақпаратқа тап болып отыр. Сондықтан бұл заң олардың психикалық денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған", – деді ол.
Бейсенбаевтың айтуынша, заң жобасы балалар құқығы, білім, мәдениет, жарнама, байланыс және БАҚ туралы тоғыз заңға өзгеріс енгізеді. Онда "дәстүрлі емес қатынасты насихаттау" ұғымы нақты анықталып, оны бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн платформаларда және телекоммуникациялық желілерде таратуға шектеу қойылады.
Депутат сонымен қатар мұндай нормалар Венгрия, Болгария, Литва, Польша, Қырғызстан және Ресейде бар екенін, ал АҚШ Жоғарғы соты бұрын Дональд Трамптың трансгендерлерге қатысты шектеу шешімін қолдағанын еске салды.