Түркістан облысы Леңгір қаласында көпқабатты үйдің тұрғындары пәтеріне қоқыс жинайтын көршіден құтыла алмай келеді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Үш жылдан бері мүңкіген иістен мезі болған жұрт пәтерде тарақан мен қандала қаптады деп күйінеді. Тұрмыстық қалдықтарды баспанасына таситын қарияның әдеті көпшіліктің ашуын туғызған. Леңгірде бес жыл бұрын ғана берілген бұл үйдің төртінші қабатындағы пәтерді аттап басу мүмкін емес. Әйелі екеуі ғана тұратын зейнеткер көшедегі күл-қоқысты жинап үйіне тасиды дейді көршілері. Соның кесірінен бір пәтерден шыққан қандала мен тарақан қазір бүкіл үйге таралыпты. 

"Қандала деген жетеді. Бір рет соның кесірінен киім-кешек, ыдыс-аяғымның барлығын лақтырдым. Үйі тола. Кіргеннен шыққанға дейін үйі тола картон. Көшенің қалып кеткен қоқысын жинап алып келеді үйіне. Мен шығарып тастаған заттарымды алып келеді. Мен оны не үшін шығарып тастадым. Соған бере салмадым ба есікті ашып", – деді Леңгір қаласының тұрғыны Бақытгүл Құрманбекова.

Төзімі таусылған халық әкімдікпен қоса полицияны да, санитар мамандарды да шақырған екен. Төрт күн бұрын келген жауаптылар ескертуінен кейін қария баспанасындағы қоқыстың бірсырасын шығарып үлгеріпті. Бірақ ауру қалса да әдет қалмай көршілері оны қалдық жинап келе жатқан жерінен тағы тоқтатты.